Қазақстанның ірі мыс өндірушілерінің бірі – "Қазақмыс" Ұлытау облысында геологиялық барлау жұмыстарын айтарлықтай күшейтіп жатыр.
Компания жаңа кен қорларын анықтау мақсатында инвестиция көлемін бірнеше есе ұлғайтып, бұрғылау ауқымын кеңейтуде, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
2026 жылы Жезқазған өңіріндегі геологиялық барлау бағдарламасына бөлінетін қаржы жылына 40 млн АҚШ долларына дейін жеткізілді. Бұрын бұл бағытқа шамамен 5 млн доллар жұмсалып келген. Қаражат кен орындарының терең қабаттарын зерттеуге, перспективалы учаскелерді іздеуге және минералдық-шикізат қорын толықтыруға бағытталмақ.
Компания мәліметінше, бұрғылау жұмыстарының көлемі де едәуір артқан. Биылдың өзінде Жезқазған бағыты бойынша 62,4 мың қума метр геологиялық барлау бұрғылауы жоспарланған. Жалпы алғанда, барлау жұмыстарының ауқымы өткен жылдармен салыстырғанда шамамен екі есеге ұлғайған.
Бағдарламаны жүзеге асыру үшін өңірде алты заманауи жерүсті бұрғылау қондырғысы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар құны 1,3 млрд теңгені құрайтын жаңа жерасты бұрғылау техникаларын сатып алу жалғасуда. Шілде айына қарай өндірістік алаңдарда онға жуық бұрғылау қондырғысын пайдалану көзделген.
Өткен жылғы геофизикалық зерттеулер нәтижесінде бірнеше перспективалы аумақта бұрғылау басталды. Мамандар Оңтүстік Итауыз, Соркұдық–Жартас және Жыланды кен орындары тобында қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл жобалар Жезқазған кен алабының терең қабаттарындағы пайдалы қазбалардың әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді.
Жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде көлемі 63,5 млн тонна кенді қамтитын резервтік қор қалыптастырылған. Оның құрамында 620,3 мың тонна мыс пен 12,9 тонна алтын бар.
Сондай-ақ компания геологиялық деректерді талдау дәлдігін арттыру үшін заманауи цифрлық технологияларды енгізіп жатыр. Осы мақсатта үшөлшемді модельдеу мүмкіндігі бар Micromine жүйесі қолданылуда. Қазірдің өзінде 177 маман арнайы оқытудан өткен.
Компанияның айтуынша, геологиялық барлау бағдарламасын кеңейту жаңа кен қорларын анықтап қана қоймай, өңірдегі өндірістің тұрақты жұмысын сақтауға және ұзақ мерзімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.