Мазмұнға өту
qandastar.

"Қазақмыс" жаңа кен орындары мен фабрикаларды жаңғыртуға басымдық берді

Малика Хамит · · 439 қаралым
"Қазақмыс" жаңа кен орындары мен фабрикаларды жаңғыртуға басымдық берді

«Қазақмыс» корпорациясы 2060 жылға дейінгі тау-кен байыту кешенін дамытуға арналған стратегиялық жоспарын қарады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Осыған байланысты Басқарма төрағасының тау-кен ісі және байыту жөніндегі орынбасары Саят Бакировтың қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті.

Жиында өндірістік бөлімшелер алдағы онжылдықтарға арналған өндірудің күнтізбелік жоспарын талқылады. Соның негізінде өндірістік инфрақұрылымды салу мен жаңғыртуға инвестиция тарту, сондай-ақ тау-кен-шахта жабдықтарын жаңарту және ауыстыру бағдарламасы әзірленеді.

Кеңесте мыс-шикізат қорын толықтыру үшін Жезқазған кен орнында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар өндіру көлемін сақтау мақсатында «Жыланды» кенішіндегі өндірістік нысандарды салу және жабдықтау жұмыстарын жалғастыру керек екені атап өтілді.

Qaragayly тау-кен өндірісі кешенінде кен игеру жұмыстарына «Құсмұрын» кен орны қосымша тартылмақ. Бұл Қарағайлы байыту фабрикасын шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал Нұрқазған байыту фабрикасын жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Жоспар бойынша кәсіпорын 2029 жылға қарай жылына 4,5 млн тонна шикізат өңдеу деңгейіне жетуі тиіс. Қазір фабрика шамамен 4 млн тонна өңдейді.

Компания мәліметінше, стратегиялық жоспар барланған кен қоры негізінде жасалған. Жаңа деректер анықталған сайын бағдарламаға өзгерістер енгізіліп отырады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp