Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақмыс Жезқазған өңірінде өндірістік жабдықтарды жоспарлы жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда

Бақытжан Мұса · · 7 қаралым
Қазақмыс Жезқазған өңірінде өндірістік жабдықтарды жоспарлы жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда

«Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған өңіріндегі өндірістік кәсіпорындарда стационарлық жабдықтарды жоспарлы жөндеу жұмыстарын тұрақты негізде жалғастыруда. Тамыз айында мамандар жалпы саны 20 жөндеу жобасын жүзеге асырды. Жұмыстар кеніштерде және Жезқазған байыту фабрикасында атқарылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

«Жомарт» кенішінде №3 және №5 магистральдық конвейерлер, сондай-ақ №2, №5 және №8 ұсатқыштар күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу барысында ұсатқыштардың маңдайшалары мен қоректендіргіштері қалпына келтіріліп, скиптік көтергіштің тартқыш арқандары ауыстырылды. Сонымен қатар конвейердің кермелі станциясы жөнделіп, теміржол бункерінің негізгі элементтері жаңартылды.

Қазақмыс

Оңтүстік Жезқазған және «Батыс» кеніштерінде көтергіш әрі ұсақтау жабдықтарына кешенді техникалық қызмет көрсетілді. №65 шахтада арқан жетекті шкивтің футеровкасы жаңартылса, №67 шахтадағы №4 конвейердің ұзындығы 1890 қума метр таспасы, доңғалақтары мен тіреуіштері ауыстырылды.

Жезқазған байыту фабрикасында ұсатқыштар, қоректендіргіштер және конвейерлер жөндеуден өткізілді. Мамандар таспалар мен тораптарды, ұсақтау жабдықтарының броньды бөлшектерін алмастырып, тор асты науаны жөндеді және пластиналы қоректендіргіштің төсемін жаңартты.

Барлық жоспарлы жұмыстар жабдықтардың техникалық жай-күйі мен өндірістік қажеттіліктер ескерілген бекітілген кестеге сәйкес орындалады. Мұндай тәсіл тетіктердің тозуын дер кезінде анықтап, ақаулардың алдын алуға және жабдықтардың сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жоспарлы жөндеу қыркүйек айында да жалғасады. «Батыс» кенішінің №67 шахтасындағы 140-деңгейжиекте кен түсіргіштің маңдайшасын ауыстыру және ұсатқышты жөндеу көзделген. Жұмыстар аяқталғаннан кейін жабдық қайтадан өндірістік пайдалануға беріледі.

Жабдықтарды жоспарлы жөндеу – өңір кәсіпорындарының өндірістік тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі. Компания өндірістік активтердің техникалық дайындығын сақтау мақсатында жабдықтарды жүйелі түрде жаңартып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл өндірістік нысандардың қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp