Жезқазған мыс балқыту зауытында өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары басталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
2026 жылы кәсіпорын нысандарын күрделі жөндеу мен қалпына келтіруге 4,4 млрд теңге қарастырылған.
Жобаның ең ірілерінің бірі – мыс электролизі цехының шатырын жаңарту. Оған 2,03 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады. Жөндеу жұмыстары маусым айында басталған.
Жалпы 8 600 шаршы метр шатыр жаңартылады. Тозған темірбетон плиталары өндірістік ортаға төзімді заманауи сэндвич-панельдерге ауыстырылып жатыр. Сонымен бірге су құбыры желілері мен басқа да инженерлік жүйелердің бір бөлігі жөнделеді.
Қазір шамамен 3 мың шаршы метр аумақ келесі монтаж жұмыстарына дайындалған. Жобаның бірінші кезеңін 2027 жылдың ортасына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңғырту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Зауыттағы №1 салқындатқыш мұнара жөнделіп, конвертер бөлімшесінің шатыры қалпына келтірілуде. Ал балқыту цехының әкімшілік-тұрмыстық кешеніндегі жуынатын бөлмелерді жөндеу аяқталуға жақын.
Кәсіпорын инфрақұрылымын жаңарту өндірістік нысандардың сенімділігін арттыруға, ықтимал тәуекелдерді азайтуға және жұмысшыларға қолайлы еңбек жағдайын жасауға бағытталған.