Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» Жезқазғанда өндіріс пен экологияға инвестицияны жалғастырады

tursynhan · · 80 қаралым
«Қазақмыс» Жезқазғанда өндіріс пен экологияға инвестицияны жалғастырады

Компаниялар тобының иесі Нұрлан Артықбаев ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевпен бірге «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған өндірістік алаңындағы бірқатар стратегиялық нысандарды аралады, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.

Жұмыс сапары барысында өндірістік тиімділікті арттыру, инвестициялық жобаларды іске асыру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту, экологиялық жаңғырту және өндірістік қуаттарды дамыту мәселелері талқыланды.

Делегация Жезқазған мыс балқыту зауытындағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Кәсіпорында өндірістің тұрақтылығы мен сенімділігін арттыру мақсатында жабдықтарды күрделі жөндеу және жаңарту жобалары жүзеге асырылуда.

Экологиялық бастамаларға ерекше назар аударылды. Жезқазған мыс балқыту зауыты, «Қазкат» кәсіпорны және байыту фабрикаларының сүзгілеу-кептіру бөлімшелерінде жалпы құны шамамен 4 млн АҚШ долларын құрайтын газдандыру жобасы толық аяқталды. Соның нәтижесінде 20 өндірістік нысан табиғи газға көшірілді.

Жобаны жүзеге асыру қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, мыс балқыту зауытындағы парниктік газдар шығарындылары 11,79%-ға төмендесе, сүзгілеу-кептіру бөлімшелерінде бұл көрсеткіш шамамен 80%-ға қысқарды. Сонымен қатар жыл сайынғы экономикалық тиімділік 4 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Сапар барысында құны 200 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа күкірт қышқылы цехын салу жобасы таныстырылды. Жоба іске асқан жағдайда күкірт диоксиді шығарындылары екі еседен астам азайып, өндіріс экологиялық талаптарға барынша сәйкестендіріледі.

Бұдан бөлек, қуаты 35 МВт болатын газпоршеньді электр станциясын салу жоспары қарастырылды. Құны 24,8 млн еуро болатын жоба кәсіпорынның энергиямен қамтамасыз етілу деңгейін арттырып, жыл сайын шамамен 5,5 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.

Делегация сондай-ақ №1, №2 және №3 Жезқазған байыту фабрикаларын аралап, технологиялық жабдықтарды жаңарту, шикізатты өңдеу тиімділігін көтеру және өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстармен танысты.

Сапар қорытындысы бойынша Нұрлан Артықбаев Жезқазған өндірістік кешенін жаңғырту «Қазақмыс» үшін негізгі стратегиялық басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта да өндірісті жаңарту, экологияны жақсарту, қауіпсіздікті күшейту және технологиялық даму бағыттарына инвестиция салу жалғасады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp