Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» Жезқазғандағы мыс зауытын жаңғыртуға 25 млрд теңге бөлді

Малика Хамит · · 95 қаралым
«Қазақмыс» Жезқазғандағы мыс зауытын жаңғыртуға 25 млрд теңге бөлді

«Қазақмыс» 2026 жылы Жезқазған мыс балқыту зауытын жаңғыртуға 25,2 млрд теңгеден астам инвестиция бағыттады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Қаржы өндірістік жабдықтарды жөндеуге, технологияларды жаңартуға және жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауға жұмсалуда.

Инвестицияның ең үлкен бөлігі – 15,9 млрд теңге – негізгі металлургиялық жабдықтарды күрделі жөндеуге бағытталған. Зауыттағы пештер, анод пештері мен конвертерлер жаңартылып жатыр. Бұл өндірістің тұрақты жұмыс істеуіне және жабдықтардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

Тағы 3,6 млрд теңгеге технологиялық жабдықтар жаңартылады.

Мыс электролизі цехында 234 жаңа полимербетон ваннасы орнатылып, күштік трансформатор ауыстырылуда. Сонымен қатар жаңа көпірлі кран монтаждалып жатыр.

Зауыттың инфрақұрылымына да көңіл бөлінген. Бұл бағытқа 4,4 млрд теңге қарастырылған. Оның аясында градирня жөнделіп, мыс электролизі және конвертер бөлімшелерінің шатырлары жаңартылады.

Жұмысшылардың жағдайын жақсарту да назардан тыс қалмаған. Балқыту цехының әкімшілік-тұрмыстық кешеніндегі жуынатын бөлмелерге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу аяқталуға жақын.

Компания жыл соңына дейін тағы 1,4 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл қаржы шихта дайындау цехының жабдықтарын жөндеуге және крандарға қауіпсіз қызмет көрсетуге арналған арнайы алаң салуға жұмсалады.

«Қазақмыс» бұл жобаларды металлургиялық кәсіпорындарды дамытуға арналған ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламаның бір бөлігі ретінде жүзеге асырып жатыр. Жаңғырту жұмыстары өндірістің тиімділігін арттырып қана қоймай, экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға және жұмысшылар үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp