Жезқазған қаласында өңірдің басты мәдени ошақтарының бірі – Серке Қожамқұлов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрын күрделі жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жобаны «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
1972 жылы пайдалануға берілген театр ғимараты алғаш рет толық көлемде күрделі жаңғыртудан өтуде. Жобаның негізгі мақсаты – тарихи сәулеттік келбетін сақтай отырып, театрды заманауи талаптарға сай мәдени кеңістікке айналдыру.
Жаңғырту аяқталған соң театр жаңа сахналық, жарық және дыбыс жабдықтарымен қамтылады. Сондай-ақ айналмалы механизмі бар жаңа сахна орнатылып, қойылымдардың техникалық мүмкіндігі кеңейеді.
Жоба аясында инженерлік инфрақұрылым да толық жаңартылады. Атап айтқанда, жылу, су және электрмен жабдықтау жүйелері ауыстырылып, жаңа желдету, ауа баптау, өрт қауіпсіздігі және бейнебақылау жүйелері орнатылады. Бұдан бөлек, шатыр толық жаңартылып, ішкі бөлмелерге күрделі жөндеу жүргізіледі.
Қазіргі уақытта демонтаж жұмыстары толық аяқталған. Енді құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп, келесі құрылыс-монтаждау кезеңіне дайындалуда.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 5,1 млрд теңгені құрайды. Театрды жаңғырту жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Қазақмыс» әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөледі. Компания Ұлытау облысында мәдениет, спорт, білім беру, денсаулық сақтау және абаттандыру бағытындағы бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда. Биыл өңірдегі әлеуметтік жобаларға бөлінген қаржы көлемі 30 млрд теңгеден асады.
Театрды жаңғырту өңірдің мәдени мұрасын сақтап қана қоймай, Ұлытау облысы тұрғындарының шығармашылық әлеуетін дамытуға да жаңа мүмкіндіктер ашады.