Жезқазғанда тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының бірі саналатын «Жастар» саябағы ауқымды жаңғырту жұмыстарынан өтуде.
Жобаны «Қазақмыс корпорациясы» жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Нәтижесінде қалада заманауи талаптарға сай жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады.
Жаңарту жұмыстары 6,4 гектар аумақты қамтиды. Жоба құны 4,9 млрд теңгеден асады. Жаңа саябақта жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жолдар, жүгіру алаңы, заманауи субұрқақ, балалар ойын алаңдары, демалыс аймақтары және түрлі арт-нысандар салынады. Қыс мезгілінде мұз айдынын ұйымдастыру да жоспарланған.
Жобаны әзірлеу кезінде саябақтың тарихи келбетін сақтау мен тұрғындардың ұсыныстары ескерілген. Сонымен қатар көгалдандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Үш гектардан астам аумаққа өңірдің климатына бейімделген ағаштар мен бұталар отырғызылып, оларды күтіп-баптау үшін автоматты суару жүйесі орнатылады.
Саябақтың басты ерекшеліктерінің бірі – оның ерекше архитектуралық тұжырымдамасы. Жаңартылған кеңістікте Жезқазғанның мыс өндірісі тарихы мен ғарыш саласындағы мұрасы көрініс табады. Демалыс аймақтары ғаламшарлар, ғарыштық траекториялар және ғарышты игеру тақырыбындағы көркемдік элементтермен безендірілмек.
Қазір нысанда ескі құрылымдарды бұзу жұмыстары аяқталып, негізгі инфрақұрылымның іргетасын дайындау кезеңі жүріп жатыр. Жобаны 2026 жылдың қазан айының соңына дейін аяқтап, тұрғындар игілігіне беру жоспарланған.
Компания мәліметінше, «Жастар» саябағын жаңғырту Ұлытау облысында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік инвестициялық бағдарламаның бір бөлігі саналады. Биыл өңірдегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға 30 млрд теңгеден астам қаржы бағытталмақ.