Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» «Жомарт» кенішінде цифрлық геомеханикалық мониторинг жүйесін енгізіп жатыр

Бақытжан Мұса · · 215 қаралым
«Қазақмыс» «Жомарт» кенішінде цифрлық геомеханикалық мониторинг жүйесін енгізіп жатыр

«Қазақмыс» корпорациясы «Жомарт» кенішінде тау жынысы массивінің жағдайын бақылауға арналған цифрлық геомеханикалық мониторинг жүйесін енгізуді бастады. Жоба «Союз Гео Мех» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Компанияның мәліметінше, жаңа жүйе тау жыныстарының жай-күйін үздіксіз бақылауға, ықтимал қауіптерді ерте анықтауға және тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізуге қажетті инженерлік шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

Фото: Қазақмыс

Жобаның алғашқы кезеңінде RS10 мобильді кешенінің көмегімен жерасты тау-кен қазбалары жоғары дәлдікпен лазерлік сканерлеуден өткізілді. Құрылғы миллиондаған кеңістіктік нүктені тіркеп, кеніштің үшөлшемді цифрлық моделін қалыптастырады.

Фото: Қазақмыс

Бұл модель жерасты қазбаларының геометриялық параметрлерін дәл бақылауға, тау жынысы массивіндегі өзгерістерді анықтауға және оның тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік береді.

Жиналған ақпарат геологиялық, маркшейдерлік және геотехникалық деректермен біріктіріліп, мамандарға жағдайды жан-жақты талдауға жағдай жасайды. Соның нәтижесінде ықтимал қауіпті аймақтарды алдын ала анықтап, бекіту жұмыстарын жоспарлау, тау-кен өндірісінің ретін белгілеу және бұрғылау-жару жұмыстарына қажетті түзетулер енгізу жеңілдейді.

Фото: Қазақмыс

Жоба үздіксіз мониторинг жүргізу қағидатына негізделген. Лазерлік сканерлеу тұрақты түрде қайталанып, алынған мәліметтер салыстырылып отырады. Бұл кеніштің қазіргі жағдайын бақылаумен қатар, ықтимал өзгерістерді болжауға және бұрын қабылданған техникалық шешімдердің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Фото: Қазақмыс

Компанияның айтуынша, цифрлық геомеханикалық мониторинг жүйесін енгізу өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту және өндірісті цифрландыру бағдарламасының маңызды бөлігі саналады. Заманауи технологияларды пайдалану инженерлік бақылаудың сапасын арттырып, жерасты қазбаларының қауіпсіз әрі тұрақты пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp