Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» «Жомарт» кенішіндегі қауіпсіздік жүйесін жаңғыртып жатыр

bahitzhanabzal · · 32 қаралым
«Қазақмыс» «Жомарт» кенішіндегі қауіпсіздік жүйесін жаңғыртып жатыр

Қазақмыс «Жомарт» кенішіндегі қауіпсіздік жүйелерін жаңарту бағдарламасы аясында жоспарланған 45 іс-шараның 40-ын орындады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.

Корпорацияның хабарлауынша, бағдарламаға барлығы 2,7 млрд теңге бөлінген, қалған жұмыстар аяқталу кезеңінде.

Кеніште ауа құрамын бақылау күшейтіліп, желдету жабдықтары жаңартылып жатыр. Жерасты техникасына метан мөлшері шектен асқанда оның жұмысын автоматты түрде тоқтататын жүйелер орнатылған. Сонымен бірге тау-кен массивінің жағдайын цифрлық бақылау жүйесі іске қосылды.

Атқарылған жұмыстармен танысу үшін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі «Жомарт» кенішіне барды. Сапарға ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов пен Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен де қатысты.

Олар өндірістік учаскелерді аралап, жабдықтардың жай-күйін және қолданыстағы бақылау жүйелерінің жұмысын көрді. Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қазіргі жағдайымен, енгізіліп жатқан техникалық шешімдермен және өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту барысымен танысты.

Руслан Өскенәлі кеніш ауасын, тау-кен массивінің жағдайын бақылау, желдету жүйесінің сенімділігін арттыру және жерасты техникасын қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау бойынша атқарылған әрі жалғасып жатқан жұмыстарды таныстырды.

Корпорация мәліметінше, кеніш ауасындағы газ мөлшерін стационарлық газ талдағыштар тәулік бойы өлшейді. Датчиктерден алынған ақпарат бірыңғай диспетчерлік орталыққа нақты уақыт режимінде жіберіледі. Бұған қоса кәсіпорында 130 портативті газ талдағыш қолданылады.

Өздігінен жүретін жерасты техникасына метан-реле деп аталатын стационарлық газ датчиктері орнатылған. Қазір 62 техника бірлігі метан деңгейін автоматты бақылау жүйесімен жабдықталған. Газ мөлшері белгіленген шектен асса, жүйе техниканың жұмысын автоматты түрде бұғаттайды.

Қыркүйекте Қазақмыс желдету жабдықтарын жаңарту жұмысын жалғастырды. Жоба аясында Korfmann маркалы 3 желдету қондырғысы мен ВМЭ сериялы 6 шахталық желдеткіш сатып алынды. 2026 жылдың соңына дейін тағы 3 желдеткіш орнату жоспарланған.

Желдету жабдықтарын жаңартуға салынған инвестицияның жалпы көлемі 306,9 млн теңге болды.

Сонымен қатар өндірістік қазбаларды жеке желдетуге арналған 3-ші желдету оқпаны салынып жатыр. Компанияның мәліметінше, ол желдету жүйесінің тұрақтылығын арттырып, кеніштің жекелеген учаскелерінде қажетті ауа алмасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кәсіпорында жұмыскерлердің орналасқан жерін анықтау және төтенше жағдай кезінде жедел хабарлау жүйесі де жетілдіріліп жатыр. Оның жұмысын қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 58 км сәуле таратқыш кабель қолданылады.

2026 жылғы шілдеде кеніште тау-кен массивінің жағдайын геомеханикалық бақылауға арналған бірыңғай цифрлық жүйе іске қосылды. Ол жерасты қазбаларындағы өзгерістерді тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Жиналған деректер инженерлік шешімдер қабылдау кезінде пайдаланылады.

Техникалық жұмыстар ғылыми-техникалық зерттеулермен де сүйемелденеді. Бейінді ұйымдар кеніштегі газ мөлшерін, тау-кен массивінің жай-күйін, желдету жүйесін және гидрогеологиялық жағдайларды зерттейді. Сондай-ақ тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізуге әсер ететін өзге факторлар қарастырылады.

Зерттеу нәтижелері қосымша техникалық шараларды әзірлеу және іске асыру кезінде қолданылады.

Қазақмыс кешенді бағдарламаны кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Руслан Өскенәлінің айтуынша, негізгі міндеттер қатарында бақылау жүйелерін жетілдіру, өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту және жұмыскерлердің қауіпсіздігін арттыратын заманауи техникалық шешімдерді енгізу бар.

Посмотреть эту публикацию в Instagram Публикация от “Қазақмыс” компаниялар тобы (@kazakhmys.news)
Дәйексөз
Бөлісу: Telegram WhatsApp