Мазмұнға өту
qandastar.

«Қазақмыс» «Жомарт» кенішіндегі қауіпсіздікті күшейту жұмыстарын жалғастыруда

Бақытжан Мұса · · 15 қаралым
«Қазақмыс» «Жомарт» кенішіндегі қауіпсіздікті күшейту жұмыстарын жалғастыруда

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов және Ұлытау облысының әкімі Есет Байкенмен бірге «Жомарт» кенішіне барып, өндірістік қауіпсіздікті арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Жұмыс сапары барысында кеніштің өнеркәсіптік қауіпсіздігі, өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа техникалық шешімдерді енгізу мәселелері қаралды.

Қазақмыс

Кеніште атмосфера құрамын үздіксіз бақылауға ерекше көңіл бөлінген. Стационарлық газ талдағыштар ауадағы газ деңгейін тәулік бойы бақылап, ақпаратты нақты уақыт режимінде диспетчерлік орталыққа жібереді. Сонымен қатар кәсіпорында 130 портативті газ талдағыш қолданылады.

Жерасты техникасының қауіпсіздігін арттыру үшін 62 техника бірлігі метан деңгейін автоматты бақылау жүйесімен жабдықталған. Газ мөлшері белгіленген шектен асқан жағдайда жүйе техниканың жұмысын автоматты түрде бұғаттайды.

Қазақмыс

Желдету жүйесін жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. Жоба аясында үш Korfmann желдету қондырғысы және алты ВМЭ сериялы шахталық желдеткіш сатып алынған. 2026 жылдың соңына дейін тағы үш желдеткіш орнату жоспарланған. Бұл бағытқа салынған инвестиция көлемі 306,9 млн теңгені құрады.

Сонымен қатар кеніште тау-кен массивінің жағдайын бақылауға арналған бірыңғай цифрлық геомеханикалық жүйе іске қосылды. Жүйе жерасты қазбаларындағы өзгерістерді тұрақты бақылауға және алынған мәліметтерді инженерлік шешімдер қабылдау кезінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазақмыс

Жұмыскерлердің орналасқан жерін анықтау және төтенше жағдай кезінде жедел хабарлау жүйесі де жетілдірілуде. Оның жұмысын қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 58 шақырым сәуле таратқыш кабель қолданылады.

«Жомарт» кенішіндегі өндірістік қауіпсіздікті арттыру бағдарламасы аясында барлығы 45 іс-шара қарастырылған. Оның 40-ы орындалды. Бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаржының жалпы көлемі 2,7 млрд теңгені құрайды.

Қалған іс-шараларды аяқтау жұмыстары жалғасып жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp