«Қазақмыс» корпорациясы өндірістік кәсіпорындардағы әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарламаны іске қосты.
Бұл мақсатқа 2,44 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бағдарлама аясында әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар, медициналық пункттер, жатақханалар, асханалар, жуыну бөлмелері, зертханалар және басқа да нысандар жөнделеді. Жалпы саны 80-нен астам нысан жаңартылып, қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі жайлы еңбек жағдайы жасалмақ.
Жаңғырту жұмыстары Жезқазған, Балқаш, Қарағанды және Шатыркөл өндірістік кешендерін қамтиды. Қазір нысандарда дайындық кезеңі аяқталуға жақын. Кейбір кәсіпорындарда жөндеу жұмыстары басталып кеткен.
Атап айтқанда, Жезқазған өндірістік кешенінде 38 нысан жөнделеді. Мұнда байыту фабрикасының медициналық пункті мен әкімшілік-тұрмыстық корпуста жұмыстар басталған. Балқаш пен Нұрқазғандағы кәсіпорындарда да әлеуметтік инфрақұрылым нысандары кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.
Компанияның мәліметінше, бұл бастама өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге, қызметкерлердің денсаулығын сақтауға және жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын арттыруға бағытталған.