«Қазақмыс» тобында өндірістік қауіпсіздікке арналған Safety Stand Down форматындағы алғашқы тоқтатпа кеңестер циклі аяқталды. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады. Мамыр айының алғашқы жартысында компания басшылығы өндірістік нысандарды аралап, қызметкерлермен ашық форматта еңбек қауіпсіздігі, тәуекелдердің алдын алу және өндірістегі жеке жауапкершілік мәселелерін талқылады.
Кездесулер мыс балқыту зауыттарын, байыту фабрикаларын, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Нұрқазған, Қарағайлы өндірістік алаңдарын және Шатыркөлден Жомартқа дейінгі кеніштерді қамтыды. Жалпы алғанда, алғашқы кезеңде 5 мыңнан астам жұмысшының қатысуымен 60-тан аса кездесу өткізілді.
Жиындар барысында барлық кәсіпорынға ортақ басты мәселе – өндірістегі қауіпсіздікті бірінші орынға қою екені айтылды. Қызметкерлер күнделікті кездесетін қауіп-қатерлер мен олардың алдын алу жолдарын талқылап, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Кездесу қорытындысында бірнеше негізгі қағида бекітілді. Атап айтқанда, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген жұмыс бірден тоқтатылуы тиіс. Сонымен қатар, қауіп анықтап, жұмысты тоқтатқан қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылмайды. Басшылық пен жұмысшылар арасындағы ашық диалогты дамытуға да ерекше көңіл бөлінді.
Компанияда 2026 жыл «Қауіпсіздік жылы» деп жарияланған. Осыған байланысты мұндай кеңестер тұрақты түрде өткізіліп, өндірісте жарақатсыз жұмыс мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шаралар жалғаса береді.
Толығырақ: Қазақмыс