Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақмыста жаңа ереже: 5 минуттық үзіліс өмірді сақтауға көмектеседі

Малика Хамит · · 432 қаралым
Қазақмыста жаңа ереже: 5 минуттық үзіліс өмірді сақтауға көмектеседі

«Қазақмыс корпорациясы» өндірістегі қауіпсіздікті күшейту үшін «тоқтату жиналысы» форматындағы жаңа тәсілді іске қосты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Бұл – жұмыс барысында арнайы қысқа үзіліс жасап, қызметкерлердің назарын ең маңызды нәрсеге, яғни өмір мен денсаулыққа аударуға бағытталған бастама.

Алғашқы кездесулер Нұрқазған кенішінде, Балқаш мыс балқыту зауытында және компанияның басқа да өндірістік алаңдарында өтті. Ашық диалог форматында өткен жиындарда жұмыс уақытша тоқтатылып, қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

Мамандардың айтуынша, ауыр өндірістік оқиғалар көбіне нұсқаулықтың жоқтығынан емес, асығыстық пен қалыптасқан әдеттен туындайды. Ал осындай қысқа үзіліс қауіпті дер кезінде байқап, үлкен апаттың алдын алуға мүмкіндік береді.

Жаңа тәсілдің басты ерекшелігі – әр қызметкерге қауіпті жұмысты тоқтатуға толық құқық беріледі. Компания басшылығы мұндай шешім үшін ешкім жазаланбайтынын, керісінше, бұл кәсіби жауапкершілік ретінде бағаланатынын атап өтті.

«Өмір мен денсаулыққа қауіп төнсе, жұмыс тоқтауы тиіс. Ешбір жоспар адам өмірінен маңызды емес», – деді компания басшысы Руслан Өскенәлі.

Айта кетейік, бұл бастама «Қазақмыс» тобының 2026–2028 жылдарға арналған қауіпсіздік стратегиясының бір бөлігі. 2026 жыл компанияда Қауіпсіздік жылы деп жарияланып, басты назар жазатайым оқиғалардың алдын алуға аударылып отыр.

Алдағы уақытта «тоқтату жиналыстары» компанияның барлық өндірістік нысандарында тұрақты түрде өткізіліп, қауіпсіздік мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналмақ.

Бөлісу: Telegram WhatsApp