Парижде өткен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (ДЖДҰ) 93-бас сессиясында Қазақстанға аусылға қарсы вакцинацияланған таза аймақ мәртебесі ресми түрде берілді. Сертификат қазақстандық делегацияға салтанатты түрде табысталды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Осы шешімнен кейін Қазақстан аумағы толықтай аусыл ауруынан таза ел ретінде халықаралық деңгейде танылды. Шығыс және Орталық Азия мемлекеттері арасында мұндай мәртебеге ие болған жалғыз ел – Қазақстан.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл нәтиже 2024 жылдан бері жүргізілген кешенді ветеринариялық жұмыстардың арқасында мүмкін болды. Елде эпизоотиялық жағдайды тұрақты бақылау, биологиялық қауіпсіздікті күшейту және ветеринариялық бақылау жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды шаралар қабылданған.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл мәртебе Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық мүмкіндігін кеңейтетінін айтты.
Сессия барысында қазақстандық делегация халықаралық ветеринария саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға қатысып, биологиялық қауіпсіздік пен жануарлар ауруларының алдын алу бағытындағы жұмыстарды таныстырды.
Сондай-ақ ДЖДҰ бас директоры Эммануэль Субейран Қазақстанның ветеринариялық қызметті дамытудағы тәжірибесіне жоғары баға беріп, оны халықаралық деңгейде үлгі ретінде көрсетуді ұсынды.