Қазақстан үкіметі бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатында халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлады.
Осыған байланысты Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен 92,3 миллиард жапон иені көлемінде қарыз алмақ. Бұл шамамен 280,6 миллиард теңгеге тең. Несиені өтеу мерзімі 11 жылды құрайды, оның ішінде алғашқы бес жыл жеңілдік кезеңі ретінде белгіленген. Тиісті келісім жобасы Мәжіліс қарауына ұсынылды.
Сонымен қатар Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен жылдық 1,2 пайыздық мөлшерлемемен 400 миллион доллар көлемінде несие алуды көздеп отыр. Бұл шамамен 195,7 миллиард теңгеге тең.
Бұдан бөлек, халықаралық қаржы нарығында 1,5 миллиард доллар көлемінде еурооблигациялар шығару жоспарланған. Оның көлемі шамамен 733,7 миллиард теңгені құрайды.
Үкіметтің мәліметінше, тартылатын қаражат ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және республикалық бюджет тапшылығын жабуға жұмсалады.
Қарыздарға қызмет көрсету және оларды өтеу шығындары республикалық бюджет есебінен Қаржы министрлігі арқылы жүзеге асырылады.