Қазақстан ұлттық футбол құрамасының жаңа бас бапкері белгілі болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Құрама тізгінін нидерландтық маман Джон ван ’т Шкип қолға алады.
Қазақстан футбол федерациясы маманмен жұмыс істеуге келіскен. Енді шешімді КФФ Атқару комитеті мақұлдауы керек. Осыдан кейін тараптар ресми келісімшартқа қол қояды.
Жаңа бапкердің командасы да белгілі. Оның көмекшілері Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов болады. Қақпашыларды Юрий Новиков дайындайды, дене даярлығына Вадим Боровский жауап береді. Ал Тимур Құсайынов сарапшы бапкер қызметін атқарады.
Джон ван ’т Шкип кім?
62 жастағы маманның футболдағы тәжірибесі аз емес. Ойыншы кезінде ол «Аякс», «Дженоа» клубтарында өнер көрсетіп, Нидерланд құрамасының сапында ойнаған.
Ең басты жетістігі - 1988 жылы Нидерланд құрамасымен бірге Еуропа чемпионы атануы.
Бапкерлік мансабын да «Аякста» бастаған. Кейін «Твенте», «Зволле», мексикалық «Гвадалахара» және австралиялық «Мельбурн Сити» командаларын жаттықтырды. 2016 жылы «Мельбурн Ситимен» бірге Аустралия кубогын жеңіп алды.
Сонымен қатар ван ’т Шкип Грекия мен Армения ұлттық құрамаларының бас бапкері болған.
Енді тәжірибелі нидерландтық маман Қазақстан құрамасын жаңа белеске шығаруға тырысады.