Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстан іздеген ерлі-зайыпты Тбилисиде ұсталды

Малика Хамит · · 161 қаралым
Қазақстан іздеген ерлі-зайыпты Тбилисиде ұсталды

Қазақстан мен Грузияның құқық қорғау органдары бірлескен операция барысында халықаралық іздеуде жүрген ерлі-зайыптыны Тбилисиде ұстады.

Олар синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Мәліметке сәйкес, бұл операция Қазақстан мен Грузия Ішкі істер министрліктері арасындағы ынтымақтастықтың күшеюі аясында жүзеге асқан. Бұған дейін Астанада екі ел ІІМ басшылары кездесіп, ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына және халықаралық іздеудегі қылмыскерлерге қарсы күресті күшейтуге уағдаласқан болатын.

Кейін Қазақстан ІІМ басшысы Ержан Сәденов Тбилисиге жұмыс сапарымен барып, Грузия ІІМ министрі Сулхан Тамазашвили және Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидземен келіссөздер жүргізген.

ІІМ мәліметінше, 2026 жылдың наурыз айынан бері Грузия аумағында Қазақстан іздеген 15 адам ұсталған. Солардың қатарында синтетикалық есірткі өндіруді ұйымдастырды деген күдікке ілінген ерлі-зайыпты да бар.

Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті ер адам 2023 жылдың қазан айынан 2024 жылдың ақпан айына дейін Алматы облысында арнайы жабдықталған зертханада мефедрон өндірісін ұйымдастырып, химик қызметін атқарған.

Ал оның жұбайы Алматы және Қарағанды облыстарындағы синтетикалық есірткі өндірісіне байланысты қаржылық операцияларды үйлестірді деген күдікке ілінген.

Қазір ұсталғандарды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp