Қазақстан Кореяға энергия ресурстарын жеткізуді қайта жандандыруға дайын, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы саммитінде айтты.
Президенттің сөзінше, Қазақстан жыл сайын 100 миллион тоннаға жуық мұнай өндіреді және көмірсутек өндірісі бойынша әлемдегі ірі елдердің қатарында.
Тоқаев энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге болатынын атап өтті. Оның ішінде геологиялық барлау, жаңа кен орындарын игеру және мұнай-газ шикізатын терең өңдеу бағыттары бар.
Қазақстанда қазірдің өзінде кореялық компаниялар жұмыс істеп жатыр. Мәселен, KNOC мұнай кен орнын игеруге қатысса, Hyundai Engineering консорциум құрамында ірі газ өңдеу зауытын салып жатыр.
Президент сондай-ақ мұнай-газ химиясын дамытуға басымдық беріліп отырғанын айтты. Қазақстанда полипропилен мен полиэтилен өндірісін ұлғайту жоспарланған. Тоқаев кореялық компанияларды қосылған құны жоғары жаңа өндірістер ашуға шақырды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Кореямен атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге дайын. Бұл бағытта KHNP және Doosan Enerbility компанияларымен бірлескен жұмысты кеңейту ұсынылды.