Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстан мектептерінде жасанды интеллект пәндері енгізіледі

Бақытжан Мұса · · 19 қаралым
Қазақстан мектептерінде жасанды интеллект пәндері енгізіледі

Қазақстан мектептерінде жасанды интеллектіні оқытуға бағытталған пәндердің мазмұны жаңартылып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер технологиялардың қарқынды дамуы, еңбек нарығындағы жаңа талаптар және жасанды интеллектінің өмірдің түрлі саласына кеңінен енгізілуіне байланысты қолға алынған.

Аталған бастама президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Республикалық педагогтердің тамыз конференциясында берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Кейін бұл бағыттағы жұмыстың құқықтық негізі күшейтіліп, 2025 жылғы қарашада «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Ал 2026 жылғы мамырда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі президент жарлығы күшіне енді.

Осыған байланысты мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары қайта қаралды. Нәтижесінде 1–4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5–11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп өзгертілді.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл тек пән атауының ауысуы емес. Жаңартылған бағдарламаға жасанды интеллектке қатысты жаңа бөлімдер енгізіліп, барлығы 43 оқу мақсаты қамтылған. Оның мақсаты – оқушыларды жасанды интеллект құралдарын саналы, тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйрету.

Бағдарламаға сәйкес, бастауыш сынып оқушылары жасанды интеллектпен күнделікті өмірдегі қарапайым мысалдар арқылы танысып, цифрлық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау негіздерін меңгереді.

5–9-сынып оқушылары жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде тиімді пайдалануды, дұрыс сұраныс құрастыруды, алынған ақпаратты сыни бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаларын сақтауды үйренеді.

Ал 10–11-сыныптарда жасанды интеллекттің жұмыс істеу қағидаттары тереңірек оқытылып, машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері қамтылады.

Министрліктің мәліметінше, жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында апробациядан сәтті өтіп, оң сараптамалық қорытынды алған. Қазіргі уақытта оларды ресми бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp