Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстан мен АҚШ жаңа инвестициялық жобаларды кеңейтуге ниетті

Малика Хамит · · 169 қаралым
Қазақстан мен АҚШ жаңа инвестициялық жобаларды кеңейтуге ниетті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Қаржы корпорациясының халықаралық даму жөніндегі атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Кездесуде екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және жаңа жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Президент қонаққа ілтипат білдіріп, бұл сапар Вашингтонда бұрын қол жеткізілген келісімдердің жалғасы екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестік соңғы жылдары айтарлықтай жанданып, жаңа деңгейге көтерілген.

Тоқаев АҚШ әкімшілігінің Орталық Азиямен байланысын күшейту бағытындағы қадамдарын атап өтіп, Қазақстанның экономиканы әртараптандыруға бағытталған реформалары туралы айтты. Елдің мақсаты – ресурстарға тәуелділікті азайтып, білім мен технологияға негізделген экономика құру.

Дональд Трамп әкімшілігі тұсында Вашингтонның аймақпен ықпалдастығы күшейгені де айтылды. Қазақстан америкалық бастамаларды, соның ішінде Ибраһим келісімдері мен басқа да бейбітшілік және даму жобаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.

United States International Development Finance Corporation өкілі Бен Блэк Қазақстандағы бизнес-қоғамдастықпен өткен кездесулердің нәтижелі болғанын атап өтіп, ынтымақтастықты жалғастыруға қызығушылық білдірді.

Кездесу барысында тараптар аса маңызды минералдар, көлік-логистика, агроөнеркәсіп, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Сондай-ақ Қазақстанда АҚШ Қаржы корпорациясының тұрақты өкілдігін ашу мәселесі де қаралды. Тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға дайын екенін растады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp