Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстан мен БАӘ жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісімді іске қосты

Бақытжан Мұса · · 30 қаралым
Қазақстан мен БАӘ жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісімді іске қосты

2026 жылғы 25 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісім ресми түрде күшіне енді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Келісімге Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған жұмыс сапары барысында қол қойылған болатын.

Жаңа құжат екі ел азаматтарына ұлттық жүргізуші куәліктерін пайдалану мен айырбастау рәсімін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Енді БАӘ аумағында уақытша жүрген Қазақстан азаматтары жергілікті заңнама талаптарына сәйкес қазақстандық жүргізуші куәлігін пайдалана алады. Ал аталған елге тұрақты тұруға көшкен жағдайда «B» санатындағы және «B1» кіші санатындағы жүргізуші куәліктерін теориялық әрі практикалық емтихан тапсырмай-ақ жергілікті куәлікке айырбастауға мүмкіндік беріледі.

Осындай жеңілдетілген тәртіп Қазақстанға тұрақты тұруға келген Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтарына да қолданылады.

Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін азаматтар жарамды ұлттық жүргізуші куәлігін, қолданыстағы тұруға ықтиярхатын, құжаттың ресми аудармасын (БАӘ-де араб тіліне, Қазақстанда қазақ немесе орыс тіліне) және міндетті медициналық тексеруден өткені туралы анықтаманы ұсынуы қажет.

Айырбастау кезінде ұлттық жүргізуші куәлігі тәркіленбейді. Рәсім аяқталған соң екі мемлекеттің уәкілетті органдары тек жүргізілген айырбастау туралы өзара ақпарат алмасады.

Жеңілдетілген талаптар тек «B» және «B1» санаттарына қатысты. Ал өзге санаттағы жүргізуші куәліктері қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес айырбасталады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл келісім Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, екі ел азаматтары үшін әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған.

Сондай-ақ министрлік Қазақстан азаматтарын шетелде жүрген кезде барған мемлекеттің заңдарын сақтауға, жергілікті мәдениет пен қоғамдық тәртіп қағидаларын құрметтеуге шақырды. Ведомство бұл бағыттағы жұмыстар «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында жалғасатынын атап өтті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp