Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстан мен Лаос президенттері стратегиялық ынтымақтастықты талқылады

Бақытжан Мұса · · 34 қаралым
Қазақстан мен Лаос президенттері стратегиялық ынтымақтастықты талқылады

Ақордада Лаос Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті

Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға ресми сапармен келген Лаос Халық Демократиялық Республикасының Президенті Тхонглун Сисулитті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Президенті бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт бергеннен кейін Қазақстан мен Лаостың мемлекеттік әнұрандары орындалды.

[playlist type="video" ids="59305"]

Президенттер шағын құрамда келіссөз өткізді

Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Тхонглун Сисулиттің Қазақстанға алғашқы ресми сапарының тарихи маңызға ие екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, келесі жылы Қазақстан мен Лаос арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Ол екі елдің өзара қарым-қатынасы достық пен сенімге негізделгенін айтып, халықаралық ұйымдар, әсіресе БҰҰ аясындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін жеткізді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Лаостың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) аясында Қазақстанның бастамаларын қолдап келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Лаосты Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде бағалап, елдің соңғы жылдардағы экономикалық жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, Лаос энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салаларында тұрақты өсім көрсетіп келеді.

Лаос Президенті: Сапар екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтереді

Өз кезегінде Тхонглун Сисулит Қазақстанға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, бұл сапардың екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

Лаос Президенті Қазақстанның жан-жақты дамуына және Мемлекет басшысының басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға жоғары баға берді. Сондай-ақ келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік алатынын атап өтті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp