Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Мәскеуде Росатом компаниясының бас директоры Алексей Лихачевпен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz агенттігіне сілтеп хабарлады.
Кездесу барысында Қазақстанда салынуы жоспарланған “Балқаш” атом электр станциясының жобасы талқыланды. Тараптар құрылысқа қазақстандық компанияларды тарту, кей жұмыстарды ел ішінде орындау, кадр даярлау және ұзақ мерзімді серіктестік мәселелерін қарастырды.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, келіссөздер нәтижесінде екі елдің мүддесіне сай келетін ортақ шешімдер қабылданған.
Росатом басшысы Алексей Лихачев жобаны жүзеге асыру үшін жан-жақты дайындық қажет екенін айтты. Оның сөзінше, құрылыс алдында инженерлік, геологиялық және климаттық зерттеулер жүргізіліп, нысанның барлық ерекшелігі ескеріледі.
Сонымен қатар “Балқаш” АЭС-і Ресейдің атом энергетикасындағы технологиялары негізінде салынатыны айтылды.
Бұған дейін Қазақстан атом электр станциясын салу үшін Ресейден 13 миллиард долларға дейін несие алуы мүмкін екені хабарланған. Алдын ала есеп бойынша, екі энергоблоктың жалпы құны шамамен 15 миллиард долларды құрайды.
Сәтқалиев жобалау жұмыстары 5-7 жылға созылатынын, ал құрылыс мерзімі 10-15 жыл болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Қазақстанда болашақта барлық АЭС-терді басқаратын Ұлттық атом холдингін құру жоспарланып отыр.