Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстан партиялары неге танымал тұлғаларды саясатқа тартып жатыр?

Бақытжан Мұса · · 171 қаралым
Қазақстан партиялары неге танымал тұлғаларды саясатқа тартып жатыр?

Қазақстанда саясат пен шоу-бизнес өкілдерінің жақындасуы қоғамда қызу талқылануда. Соңғы уақытта бірқатар саяси партиялардың қатарына әншілер, тележүргізушілер, продюсерлер мен блогерлердің қосылуы бұл үрдістің кездейсоқ емес екенін көрсетіп отыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ulysmedia.kz порталына сілтеп хабарлады.

Мәселен, Қазақстан халық партиясының қатарына тележүргізуші әрі әнші Аша Матай қосылса, Respublica партиясына «Ирина Кайратовна» тобының продюсері Азамат Маркленов мүшелікке өтті. Бұған дейін де спортшылар, өнер адамдары мен әлеуметтік желіде танымал тұлғалар саяси процестерге араласа бастаған болатын.

Бұл жағдай қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Бірі мұны партиялардың жаңа аудиторияны тарту амалы деп бағаласа, енді бірі заң шығару ісінде тәжірибесі бар мамандардың орнына танымал адамдардың алға шығуын сынға алып жатыр.

Саясаттанушы Замир Каражановтың пікірінше, саясат белгілі бір мамандық емес, азаматтық ұстаным мен жауапкершілікті талап ететін сала. Оның айтуынша, кез келген азаматтың саясатқа келуіне заң жүзінде шектеу жоқ. Алайда саяси партиялар өз қатарына қоғам мүддесін қорғай алатын, кәсіби әрі лайықты кандидаттарды іріктеуге басымдық беруі тиіс.

Сарапшының сөзінше, қазіргі таңда байқалып отырған үрдіс партиялардың кадрлық іріктеу жүйесіне қатысты сұрақтар туындатып отыр. Сондықтан танымал тұлғаларды саясатқа тарту саяси технологияның бір тетігі ме, әлде партиялық жүйедегі өзгерістердің көрінісі ме деген мәселе әлі де өзекті болып қала береді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp