Қазақстанда шетелдік автокөліктерге қойылатын талаптарды теңестіру мәселесі көтерілді.
Бұл жөнінде "AMANAT" фракциясының депутаты Болатбек Нажметдинұлы Премьер-Министр Олжас Бектенов атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы автокөлік қозғалысында талаптар бірдей емес жағдай қалыптасқан.
Мәселен, Қазақстан азаматтары Қытайға автокөлікпен кірген кезде бірқатар ақылы рәсімдер мен әкімшілік талаптардан өтеді. Ал Қазақстанға кіретін Қытай көліктері үшін кейбір рәсімдер жеңілдетілген деңгейде қолданылады.
Соңғы деректерге сәйкес, өткен жыл мен биылғы алғашқы төрт айда Қазақстан аумағына 8 мыңнан астам Қытай автокөлігі кірген.
Осыған байланысты депутат шетелдік автокөліктер бойынша мемлекеттік шығындарға талдау жүргізуді, уақытша тіркеу және әкімшілік алымдарды енгізу мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ екі ел азаматтарына ортақ тең талаптар жүйесін әзірлеуді ұсынды.