Қазақстанның Жоғарғы Соты азаматтық істерді қарау барысында қолданылатын «Судьяның цифрлық көмекшісі» атты жаңа сервисті елдегі барлық соттарға енгізуді жоспарлап отыр. Жоба сот жүйесін цифрландыру аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz порталына сілтеп хабарлады.
Жаңа жүйе Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев тапсырмасымен әзірленген. Сервис Жоғарғы Сот, Сот әкімшілігі және өңірлік соттардың қатысуымен өткен арнайы кеңесте таныстырылды.
Жоба Мемлекет басшысының жасанды интеллект технологияларын дамытуға бағытталған бастамаларына сәйкес қолға алынған. Соңғы жылдары сот жүйесінде электронды іс жүргізу, материалдарды автоматты бөлу, экстерриториялық соттылық және процестерді ішінара автоматтандыру сияқты жаңашылдықтар енгізілген болатын.
Енді бұл бағыт жаңа деңгейге көтеріліп, судьялардың жұмысын жеңілдететін жасанды интеллект құралдары іске қосылмақ. Жүйе Астана қаласы мен Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау облыстарының соттарында шамамен бір жарым жыл бойы сынақтан өтті. Нәтижесінде оның тиімділігі дәлелденіп, судьялар арасында сұранысқа ие болғаны айтылды.
Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров жаңа сервис ұқсас істерді автоматты түрде іріктеп, сот тәжірибесін саралайтынын және даудың ықтимал нәтижесін болжауға көмектесетінін мәлімдеді. Жүйе талап-арыз мазмұнын, тараптардың дәлелдерін және істің өзге де маңызды тұстарын ескереді.
Сонымен қатар жаңартылған жүйенің техникалық мүмкіндіктері де кеңейтілген. Бұрын шамамен 4 миллион дерек өңделсе, енді бұл көрсеткіш 15 миллионға дейін артқан. Жүйе бір уақытта мыңға жуық сұранысты өңдей алады.
Жасанды интеллект талап-арыздарды құрылымдауға, даудың мәнін анықтауға, тараптардың ұстанымдарын ажыратуға және қазақ, орыс тілдеріндегі құжаттармен жұмыс істеуге көмектеседі.
Пилоттық жоба барысында судьялардың жүктемесі азайып, істерді қарау сапасы жақсарғаны байқалған. Мысалы, Астана соттарында тараптар ұқсас істердің тәжірибесімен алдын ала танысып, дауларды сотқа дейін өзара келісім арқылы жиі шешкен.