Қазақстан Үкіметі жаңа KazSat-3R байланыс спутнигін жасауға 10,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жаңа спутник 2029 жылы қызмет ету мерзімі аяқталатын қазіргі KazSat-3 аппаратын алмастырады. Бұл ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын сақтап, байланыс қызметтерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба іске асқаннан кейін шалғай және халық сирек қоныстанған елді мекендерде интернетке қолжетімділік кеңейіп, телерадио хабарларын тарату мен байланыс сапасы артады. Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік күшейіп, еліміздің технологиялық тәуелсіздігі нығаяды.
Қазір KazSat жүйесін 19 байланыс операторы пайдаланады, ал спутник арқылы көрсетілетін телехабар тарату қызметіне 2 миллионнан астам абонент қосылған.
Үкіметтің мәліметінше, бүгінде Қазақстан халқының 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізген, ал 4,5 мыңнан астам ауыл кең жолақты интернетпен қамтылған. Жаңа KazSat-3R осы жұмысты жалғастырып, байланыс инфрақұрылымын одан әрі дамытуға жол ашады.