Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда 15 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалуы мүмкін

Бақытжан Мұса · · 884 қаралым
Қазақстанда 15 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалуы мүмкін

ІІМ Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік рақымшылыққа кімдердің ілігетінін түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, тиісті заң жобасы жекелеген санаттағы азаматтарға жеңілдік беріп, олардың қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік жасауды көздейді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Мемлекет басшысы қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жариялау бастамасын көтерген болатын. Аталған қадам құқықтық жүйені жетілдіруге, әділеттілік қағидаттарын нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

ІІМ рақымшылықтың құқық бұзушылықтарды ақтау емес, мемлекеттің гуманистік саясатын көрсететін ерекше құқықтық тетік екенін атап өтті. Оның басты мақсаты – қоғамға елеулі қауіп төндірмейтін құқық бұзушылық жасаған азаматтардың әлеуметтік ортаға қайта бейімделуіне жағдай жасау.

Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық рақымшылық жеңіл және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға қатысты қолданылады. Сонымен қатар келтірілген залал толық өтелген жағдайда орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар да рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Ал жаза мерзімін қысқарту мәселесі қылмыстың ауырлығы мен сотталған адамның мінез-құлқына қарай жеке қаралады.

ІІМ Әкімшілік департаменті басшысының орынбасары Ермек Шүлденнің айтуынша, рақымшылық шаралары 15 мыңнан астам адамды қамтуы ықтимал. Оның ішінде шамамен 1,5 мың адам түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатыр.

Сонымен қатар заң жобасында бірқатар шектеулер қарастырылған. Атап айтқанда, террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағандарға, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында әрекет еткендерге, азаптау фактілеріне және кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстарға рақымшылық қолданылмайды. Сондай-ақ қайталанған қылмыс жасағандар да бұл шарадан тыс қалады.

Әкімшілік рақымшылық 263 бап бойынша қарастырылып, 15 мемлекеттік органның құзыретіне жататын құқық бұзушылықтарды қамтиды. Заң жобасына сәйкес, 2026 жылғы 17 наурызға дейін жасалған істер бойынша азаматтар мен кәсіпкерлер төленбеген айыппұлдардан босатылуы мүмкін.

ІІМ дерегіне сәйкес, бұл шамамен 1 миллион айыппұлды және 17 миллиард теңгеден астам қаржыны қамтиды. Мұндай шешім халық пен бизнеске түсетін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.

Алайда қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін құқық бұзушылықтар әкімшілік рақымшылыққа ілікпейді. Олардың қатарында қару мен есірткінің заңсыз айналымы, мас күйінде көлік жүргізу, қарсы бағыттағы жолаққа шығу және қайталанған құқық бұзушылықтар бар.

Қазіргі уақытта рақымшылық туралы заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp