Қазақстанда 17 мыңға жуық азаматтың иелігінде алтыдан онға дейін пәтер бар. Бұл туралы «Отбасы банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, дейді Qandastar.kz.
Оның айтуынша, елдегі тұрғын үй иелерінің басым бөлігі – бір ғана пәтердің иелері. Мұндай азаматтардың саны шамамен 4,2 миллионды құрайды. Ал екі пәтері барлар – 1 миллионға жуық, үш пәтері барлар – 219 мың, төрт-бес пәтер иеленгендер – 82 мың адам.
Ләззат Ибрагимова бірнеше пәтері бар азаматтардың қатарында бір отбасы мүшелерінің де болуы мүмкін екенін атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстанда шамамен 1,1 миллион азаматтың жеке баспанасы жоқ. Бұл – тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны.
«Отбасы банкінің» болжамынша, алдағы бес жылда ипотека рәсімдеп, баспана сатып алуға дайын азаматтардың қатары көбейеді. Банк мұны ел тұрғындарының орташа жасының 29 жаста болуымен байланыстырып отыр. Осы жас санатындағы азаматтар жақын жылдары тұрғын үй алуға белсенді кіріседі.