«Қазгидромет» РМК синоптиктері 2026 жылғы 23 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың мәліметінше, солтүстік-батыс циклоны мен атмосфералық фронттардың әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.
Болжам бойынша, еліміздің көптеген өңірінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда, сондай-ақ оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы өңірлерінде нөсер жаңбыр күтіледі.
Республика аумағында желдің күшеюі болжанып отыр. Кейбір өңірлерде бұршақ жауып, дауыл соғуы мүмкін. Ал оңтүстік облыстарда шаңды дауыл болуы ықтимал. Солтүстік және солтүстік-батыс өңірлерде түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.
Синоптиктердің мәліметінше, бірқатар облыста аптап ыстық сақталады. Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында, сондай-ақ Ақтөбе облысының батысы мен оңтүстігінде күндіз ауа температурасы 35–39 градусқа дейін көтеріледі. Маңғыстау облысында 38–40 градусқа дейін қатты ыстық болады деп күтіледі.
Сонымен қатар еліміздің бірнеше өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Жоғары өрт қаупі Алматы, Қарағанды, Атырау, Абай облыстарында, сондай-ақ Ұлытау, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының жекелеген аумақтарында болжанып отыр.
Ал төтенше өрт қаупі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Жетісу, Ұлытау, Абай, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының бірқатар аумағында сақталады.
Еске салайық, бұған дейін «Қазгидромет» Астана, Алматы және Шымкент қалаларына 23–25 шілде аралығына арналған ауа райы болжамын да жариялаған болатын.