Синоптиктердің болжамынша, 25–27 шілде күндері Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райына Атлантикалық циклон әсерін сақтайды. Соның салдарынан көптеген өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Елдің шығыс аймақтарында нөсер жауын, бұршақ, дауыл және екпінді жел күтіледі. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Ал батыс пен солтүстік-батыс өңірлерінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Мамандардың айтуынша, Иран аумағынан келетін ыстық ауа массаларының әсерінен республика бойынша аптап ыстық қайта күшеймек.
Алдағы күндері күндізгі ауа температурасы батыс және солтүстік-батыс өңірлерде +38...+43 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстікте +30...+35 градус, орталықта +28...+39 градус, оңтүстікте +36...+41 градус, оңтүстік-шығыста +29...+37 градус, ал солтүстік-шығыс пен шығыста +23...+32 градус шамасында болады.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте аптап ыстық кезінде көшедегі электронды термометрлердің 60 градустан жоғары көрсеткішті тіркегені хабарланған болатын. Қатты ыстыққа байланысты қалада өрт сөндіру техникалары көшелер мен аулаларға су шашып, ауа температурасын төмендету шараларын жүргізуде. Синоптиктер тұрғындарға күннің ең ыстық мезгілінде далаға шықпауға кеңес береді.