Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 2026 жылғы 25 қыркүйекте Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған. Оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілерді теңіз суы алып кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, теңізге 19 әскери қызметші кеткен. Олардың тоғызы қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жүргізілді.
Оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына Қорғаныс министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокуратура және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.
Премьер-министр Олжас Бектенов комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін жан-жақты тексеруді және марқұмдардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, Үкіметтік комиссияға қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар, әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
25 қыркүйекте бүкіл ел бойынша қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуға арналған жалпыұлттық аза тұту рәсімдері өтеді.