«Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, 31 мамыр күні еліміздің бірқатар өңірінде ауа райы күрт құбылып, дауылды ескертулер жарияланды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай және Маңғыстау облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі. Кей жерлерде дауыл соғып, тұман түсуі мүмкін. Сонымен қатар бірнеше өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр.
Ал Алматы облысы мен Іле Алатауының таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанған. Өңірде ауа температурасы күндіз 35–38 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық сақталады.
Түркістан, Жетісу, Қызылорда және Жамбыл облыстарында да найзағай, шаңды дауыл және аптап ыстық күтіледі. Кей жерлерде ауа температурасы 41 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Солтүстік өңірлерде, атап айтқанда Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында найзағай, бұршақ және қатты жел болжанған. Павлодар облысында күндіз 32–37 градусқа дейін қатты ыстық күтіледі.
Синоптиктердің айтуынша, кейбір облыстарда жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес беріледі.