Қазақстанда 2027-2029 жылдарға арналған адам саудасына қарсы іс-қимыл жоспары дайындалып жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқармасының бастығы Самат Құсетов мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Оның айтуынша, адам саудасының құрбандарын анықтау және оларға қажетті көмек көрсету бағытында халықаралық ұйымдармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Халықаралық көші-қон ұйымының қолдауымен зардап шеккендерді анықтау және тиісті мекемелерге бағыттау бойынша арнайы рәсімдер әзірленген.
Сонымен қатар ЕҚЫҰ кеңсесінің көмегімен адам саудасының белгілері туралы ақпараттық материалдар дайындалып, түрлі мамандарға арналған оқыту шаралары ұйымдастырылған. Бұл тренингтерге Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері қызметкерлері мен адвокаттар қатысты.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар ауылдық жерлердегі еңбек қанауы мен мәжбүрлі еңбек жағдайларын анықтау бойынша жұмыстарды жалғастырып келеді. Полиция мен әлеуметтік қызметтер адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау үшін бірлесіп әрекет етуде.
Самат Құсетовтің мәліметінше, қайта бағыттау тетігі арқылы адам саудасының 15 құрбанына көмек көрсетілген. Олардың 11-іне заңгерлік кеңес берілсе, 3 адамға арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынылған, ал бір бала бөбектер үйіне орналастырылған. Сонымен қатар 29 жәбірленуші мемлекеттік қорғауға алынған.