Қазақстанда ағынды сулар құрамынан есірткі заттарын анықтау жұмыстары басталды. Бұл туралы Әділет министрлігіне қарасты Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов мәлімдеді дейді Qandastar.kz.
Оның айтуынша, арнайы мамандар Алматы, Павлодар, Маңғыстау облысы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе және Жамбыл облысындағы мектептер, жоғары оқу орындары, колледждер мен түнгі клубтардан ағынды су сынамаларын алған. Жалпы саны 18 нысаннан алынған сынамалар зерттеліп, олардың құрамынан есірткі және психотроптық заттар, соның ішінде «дизайнерлік есірткілер» анықталған.
Сонымен қатар, сот-медициналық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Назгүл Имамбаева бұл зерттеулер құқық қорғау органдарының тапсырмасы аясында жүргізіліп жатқанын айтты. Мамандардың пікірінше, мұндай талдаулар өңірлердегі есірткі айналымының деңгейін бақылауға және қауіпті синтетикалық заттардың таралуын ерте анықтауға мүмкіндік береді.