Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда әкімдік гранттарына өтініш қабылдау басталды

Бақытжан Мұса · · 349 қаралым
Қазақстанда әкімдік гранттарына өтініш қабылдау басталды

Қазақстанда жергілікті атқарушы органдар бөлетін мемлекеттік білім беру гранттарына қатысу үшін өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған Qandastar.kz.

Министрліктің мәліметінше, әкімдіктер жыл сайын өңірлерде сұранысқа ие және басым бағыттар бойынша мамандар даярлау үшін қосымша білім гранттарын бөледі.

2026 жылы жергілікті атқарушы органдар бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша барлығы 2392 грант бөлді.

Грант саны бойынша Астана қаласы көш бастап тұр. Елорданың әкімдігі 303 грант бөлсе, Шымкент қаласында 285 грант қарастырылған. Шығыс Қазақстан облысы 270 грант ұсынды.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысына 211, Абай және Түркістан облыстарына 200 гранттан, Ақмола облысына 199, Қарағанды облысына 198, Атырау облысына 187 және Маңғыстау облысына 163 грант бөлінді. Қалған өңірлердің әрқайсысында шамамен 100 гранттан қарастырылған.

Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш тапсыруы қажет. Құжаттар қатарында білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты және жеке куәліктің көшірмесі болуы тиіс. Ал жеңілдік санатына жататын талапкерлер тиісті растайтын құжаттарды қоса ұсына алады.

Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы нақты ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан немесе жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан білуге болады. Грант иегерлерін арнайы комиссия анықтайды.

Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.

Айта кетейік, бұған дейін 2026-2027 оқу жылына арналған республикалық мемлекеттік білім гранттарының иегерлері жарияланған болатын. Биыл Қазақстанның жоғары оқу орындарында 75 мыңнан астам талапкер тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp