2025 жылы Қазақстанда алаяқтар заңсыз рәсімдеген шамамен 1,9 млрд теңге көлеміндегі несиелер есептен шығарылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, биыл банктер мен микроқаржы ұйымдары 1,6 мың алаяқтық жолмен рәсімделген несиені жойған. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
20 шілдеде петиция авторы Жандос Маратұлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының қызметінен кетуін талап етіп, елдегі қаржылық алаяқтықтың артуына, микроқаржы ұйымдарын бақылаудың әлсіздігіне және банкаралық QR-төлемдер бойынша комиссиялардың жоғары болуына қатысты пікір білдірді.
Алайда агенттік QR-төлемдерге қатысты комиссия мөлшерін белгілеу өз құзыретіне жатпайтынын, бұл мәселені Ұлттық банк реттейтінін түсіндірді.
Ведомствоның мәліметіне сәйкес, 2021 жылдан бері заң талаптарын бұзғаны үшін 127 микроқаржы ұйымы мен 135 коллекторлық агенттіктің лицензиясы кері қайтарылған.
Қарыз жүктемесін жеңілдету мақсатында қабылданған шаралар аясында 2025 жылы 33,9 мың қарыз алушының негізгі берешегі, сыйақысы, айыппұлы мен өсімпұлы толық немесе ішінара есептен шығарылды. Сонымен қатар 722 мың азаматтың несиесі қайта құрылымдалған.
Бұдан бөлек, 2024 жылы несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі төмендетілді. Кепілсіз банк несиелері мен микрокредиттер бойынша мөлшерлеме 56%-дан 46%-ға, кепілмен берілетін несиелерде 56%-дан 40%-ға дейін азайтылды. Сондай-ақ 45 АЕК-ке дейінгі және 45 күннен аспайтын онлайн микрокредиттер үшін тәуліктік мөлшерлеме 1%-дан 0,3%-ға дейін қысқартылды.
Қаржылық алаяқтықтың алдын алу мақсатында агенттік құқық қорғау органдарымен, Ұлттық банкпен және қаржы ұйымдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. 2025 жылдың басынан бері Антифрод-орталық 163 мыңнан астам күмәнді операцияны анықтап, жалпы сомасы 68 млрд теңгеге жуық алаяқтық әрекеттің жолын кесті. Оның ішінде 28,9 млрд теңгеге бағаланған операциялар бұғатталған.
Сонымен қатар заңнамаға алаяқтық жолмен рәсімделетін несиелердің алдын алуға бағытталған бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, міндетті биометриялық сәйкестендіру, онлайн несие беру кезінде «салқындату кезеңін» енгізу, алғашқы несиені рәсімдеу барысында клиенттің жеке қатысуын талап ету, тергеу аяқталғанға дейін алаяқтық несие бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу және мұндай несиелерді сотқа дейін әрі сот тәртібімен есептен шығару негіздерін кеңейту қарастырылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті төрт микроқаржы ұйымының 55,9 млрд теңге көлеміндегі айналымнан 6,1 млрд теңге салық төлемегенін анықтаған болатын. Қазіргі уақытта тағы 26 млрд теңгеге жуық қаржылық операция бойынша тексеру жалғасып жатыр.