Қазақстанда 14 наурыздан бастап жалпыұлттық "Наурызнама" декадасы басталды. Бүгін елімізде Амал мерекесі – Көрісу күні атап өтілуде, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Stan.kz порталына сілтеп.
Қазақстанның батыс өңірлерінде 14 наурыз күні адамдар бір-біріне арнайы барып амандасып, қыстан аман шыққандарына қуанып, “Бір жасыңмен!” деп құттықтайды. Көрісу күні өкпе-ренішті ұмытып, адамдар арасындағы татулық пен жылылықты арттыратын ерекше мереке болып саналады. Бұл күн сонымен бірге Наурыз мейрамының басталуын білдіреді.
Мерекеге орай елімізде мәдени және мерекелік шаралар ұйымдастырылуда:
- Ұлттық орталық музейінде – "Көрісу күні – татулықтың бастауы" атты мәдени-танымдық іс-шара.
- Ұлттық музейдің Атриумында – "Амал мерекесі – ізгілік пен бірліктің белгісі" бағдарламасы.
- Құддыс Қожамияров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театрында – "Наурыз – театрлар мен мәдениеттердің қауышу мерекесі" жобасы.
- Астана Опера театрында – "Күймен келген Көрісу" атты концерт.
- Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде – "Көрісу күні – Амал мерекесі" акциясы.
- Астанада – ұлттық ойындарға арналған "Tartys Fest" фестивалі, арқан тарту жарыстары жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып өтеді.
- Алматыда, Көктөбе алаңында – қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт.
Өңірлерде де мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылған:
- Ақмола облысында – дәстүрлерге арналған концерттік бағдарламалар;
- Түркістан облысында – "Көрісу күні – Амал мерекесі" облыстық челленджі;
- Батыс Қазақстан облысында – "Наурыз думан" атты мерекелік концерт.
Көрісу күні – Наурызнаманың алғашқы күні ретінде дәстүрлі құндылықтар мен заманауи қоғамдық мағынаны біріктіріп, бірлік пен ізгілікке толы мерекелік күн болып саналады.