Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда аптап ыстық күшейеді: тұрғындарға сақтық шараларын сақтау ескертілді

Бақытжан Мұса · · 1 794 қаралым
Қазақстанда аптап ыстық күшейеді: тұрғындарға сақтық шараларын сақтау ескертілді

Қазақстанның көптеген өңірінде ауа температурасы климаттық нормадан айтарлықтай жоғарылап, синоптиктер тұрғындарға күннің ыстығында сақ болуды ескертті, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты 24.KZ-ке сілтеме жасап.

«Қазгидромет» мәліметінше, алдағы күндері орталық, солтүстік және батыс аймақтарда ауа температурасы +40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Ал оңтүстік өңірлердің кей жерлерінде аптап ыстық +45 градусқа дейін жетеді деп болжанып отыр. Кейбір облыстарда жел күшейіп, найзағай ойнап, бұршақ жаууы ықтимал.

«Қазгидромет» баспасөз хатшысы Аружан Мұратованың айтуынша, атмосфералық фронттардың әсерінен республиканың басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Кей өңірлерде өткінші жаңбыр жауып, найзағай байқалса, батыс аймақтарда дауыл мен бұршақ болуы мүмкін.

Маманның сөзінше, қазіргі ыстық ауа райы Иран аумағынан келген құрғақ әрі ыстық ауа массаларының ықпалымен байланысты. Осы ауа ағыны Қазақстанның бірқатар бөлігінде температураның одан әрі жоғарылауына әсер етіп отыр.

Дәрігерлер аптап ыстық кезінде сағат 11:00 мен 17:00 аралығында қажет болмаса сыртқа шықпауға кеңес береді. Әсіресе балаларға, егде жастағы адамдарға және күн астында жұмыс істейтін азаматтарға ерекше сақтық қажет.

Мамандар ыстық күндері жеткілікті мөлшерде су ішуге, ашық түсті жеңіл киім киюге, көлеңкеде немесе салқын ғимараттарда болуға шақырады. Сондай-ақ көліктің ішінде балалар мен жануарларды қалдыруға болмайтынын ескертті.

Синоптиктердің болжамынша, жоғары температура бірнеше күн бойы сақталып, кей өңірлерде күндізгі ауа температурасы +42-45 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Бөлісу: Telegram WhatsApp