Қазақстанда кәмелетке толмаған балаларын ересектерге арналған фильмдерге ертіп баратын ата-аналарға қатысты талаптарды күшейту ұсынылуда. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.
Мамандардың айтуынша, 18+ және 21+ жас санатындағы фильмдерге балаларды ата-анасымен бірге келген жағдайда да кіргізуге болмайды. Мұндай талап «Кинематография туралы» заңмен реттеледі.
Заңгерлердің пікірінше, кинотеатр әкімшілігі кәмелетке толмаған көрермендердің мұндай фильмдерге өтуін қатаң бақылауы керек. Егер талап бұзылса, жауапкершілік кинотеатрға жүктеледі.
Заң талаптарын сақтамаған мекемелерге 165 мыңнан 330 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар мамандар баланың жасына сай келмейтін фильмдерді көрсетуге жол бермеу мәселесінде ата-аналардың да жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті.
Тұрғындардың бір бөлігі балалардың ересектерге арналған фильмдерге баруы олардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін екенін айтып, мұндай жағдайларды бақылауды күшейтуді қолдайды.