Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда балалардың терезеден құлау дерегі көбейген

Бақытжан Мұса · · 549 қаралым
Қазақстанда балалардың терезеден құлау дерегі көбейген

Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарды балалардың терезеден құлап кету қаупіне байланысты сақ болуға шақырды. Ведомствоның дерегінше, 2026 жылдың алғашқы үш айында ел бойынша мұндай 44 жағдай тіркеліп, оның төртеуі қайғылы жағдаймен аяқталған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz порталына сілтеп хабарлады.

Мамандардың айтуынша, күн жылыған сайын мұндай оқиғалардың қаупі арта түседі. Ең көп жағдай Атырау облысында тіркелген – 13, Астана қаласында – 8 (оның ішінде 3 өлім), ал Маңғыстау облысында – 4 (соның біреуі өліммен аяқталған).

Көп жағдайда зардап шегетіндер – мектепке дейінгі және кіші жастағы балалар. Себебі олар қауіп-қатерді толық түсінбейді, ал ересектердің аз ғана қараусыз қалдыруы ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

Министрлік мұндай жағдайлардың негізгі себептері ретінде балаларды қараусыз қалдыруды, жауапкершілікті үлкен балаларға тапсыруды, терезелерде қорғаныс құралдарының болмауын, сондай-ақ терезе жанында балаға шығуға мүмкіндік беретін жиһаздың орналасуын атап өтті. Сонымен қатар москит торларын қауіпсіз деп қабылдау да қате екені ескертілді, өйткені олар баланың салмағын көтере алмайды.

Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін ата-аналарға балаларды ашық терезе жанында жалғыз қалдырмау, арнайы қорғаныш құрылғыларын орнату, терезе маңына жиһаз қоймау және қауіпсіздік ережелерін үйрету ұсынылады. Сондай-ақ терезе бекітпелерінің беріктігін үнемі тексеріп отыру қажет.

Министрлік әсіресе көп балалы отбасыларға және балалар қараусыз қалуы мүмкін жағдайларға ерекше назар аудару қажеттігін еске салды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp