Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге қатысты талаптардың сақталуын бақылауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды
порталы.
Бұл норма «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңның 75-бабының 3-тармағында қарастырылған.
Заңға сәйкес, қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын анықтауға мүмкіндік бермейтіндей деңгейде бетті толық жабатын киім кию құқық бұзушылық болып есептеледі.
Алайда талап барлық жағдайға бірдей қолданылмайды. Ауа райының қолайсыз кезінде, медициналық көрсетілім болғанда, сондай-ақ қызметтік міндет атқару барысында, спорттық немесе мәдени іс-шараларға қатысқанда бетті жабуға рұқсат етіледі.
ІІМ мәліметінше, мұндай құқық бұзушылық үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Алғаш рет ереже бұзған азаматтарға ескерту беріледі. Егер заң бұзушылық бір жыл ішінде қайта тіркелсе, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Қазіргі уақытта осы бап бойынша 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Тыйым қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізілген. Бұл талап бет-жүзді жасыратын кез келген киім түріне қатысты қолданылады
Министрлік азаматтарды қоғамдық орындарда белгіленген тәртіп талаптарын сақтауға шақырды.