Қазақстанда қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігін әзірлеу жұмыстары басталды. Бұл туралы вице-президент Ерлан Қарин «қыркүйек» сөзінің жазылуына қатысты туындаған пікірталасқа байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ерлан Қариннің айтуынша, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде іс жүргізу саласында кеңінен қолданылып келеді. Осыған байланысты сөздердің дұрыс жазылуы мен айтылуын реттейтін бірыңғай тілдік нормалардың болуы маңызды.
Ол мемлекет белгілі бір сөздің қалай жазылатынын тікелей белгілемейтінін атап өтті. Мұндай мәселелерді тіл мамандары мен ғалымдар ғылыми тұрғыдан зерделеп, шешуі тиіс.
«Біздің міндетіміз – осы жұмысты тиімді үйлестіру. Сол себепті еліміздегі тіл саясатын жүзеге асыратын мекемелердің басшыларын және белгілі ғалымдарды жинап, мәселені бірге талқыладық», – деді Ерлан Қарин.
Жиын қорытындысында беделді тіл мамандары мен ғалымдардан арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Топ қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігін әзірлейді.
Жаңа сөздік дайын болғаннан кейін оны ведомствоаралық комиссияның отырысында қарастырып, бекіту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, қазақ тілінің соңғы орфографиялық сөздігі 2013 жылы жарық көрген. Содан бері 13 жыл ішінде тілдің сөздік қоры жаңа атаулар мен қолданыстар арқылы толықты.
Ерлан Қарин қазіргі талаптарға сай жаңартылған орфографиялық сөздіктің болмауы кейбір сөздердің дұрыс жазылуы мен қолданылуына қатысты пікірталастардың туындауына себеп болып отырғанын айтты.