Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда кент мәртебесін беру тәртібі жеңілдейді

Бақытжан Мұса · · 77 қаралым
Қазақстанда кент мәртебесін беру тәртібі жеңілдейді

Қазақстанда кент мәртебесін беру тәртібі жеңілдейді. Енді халқы 500 адамнан асатын елді мекендерге де кент мәртебесін беру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігі мәлімдеді.

Парламент елдің әкімшілік-аумақтық құрылысына қатысты жаңа заң қабылдады. Құжатқа сәйкес, қалалық елді мекендер қатарына барлық деңгейдегі қалалар енгізілсе, ауылдық елді мекендерге ауылдар мен кенттер жатқызылады.

Жаңа заңда кент мәртебесін беру талаптары өзгертілді. Бұған дейін кент атану үшін елді мекенде кемінде 3 мың тұрғын болуы қажет еді. Енді бұл көрсеткіш 500 адамға дейін төмендетілді.

Сонымен қатар құжатта президент, үкімет және мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіктер нақтыланған. Президентке облыстар мен аудандарды құру немесе тарату, сондай-ақ елді мекендерге республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қала мәртебесін беру құқығы беріледі.

Ал үкімет мемлекет басшысына тиісті ұсыныстар енгізіп, астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың шекарасын белгілеу мен өзгерту мәселелерімен айналысады.

Заңда жергілікті атқарушы және өкілді органдардың да құзыреті айқындалған. Олар елді мекендерді ауыл немесе кент санатына жатқызу, әкімшілік бағынысын анықтау, шекараларын белгілеу және өзгерту мәселелерін шешеді.

Бұдан былай елді мекендердің шекарасы бас жоспарлар мен даму схемалары негізінде бекітіледі. Сондай-ақ әкімшілік-аумақтық мәселелерді шешуге қажетті құжаттардың нақты тізімі белгіленген. Қазіргі таңда заң президенттің қол қоюына жіберілді.

Айта кетейік, бұған дейін Көлік министрлігі халқы 500 адамнан аз ауылдарға апаратын жолдарды асфальттауға уақытша шектеу қоюды ұсынған болатын. Ұсынысқа сәйкес, көлік қозғалысы төмен ауылдарға кіреберіс жолдарға асфальтбетон және цементбетон жабындарын төсеу 2027 жылға дейін шектелуі мүмкін.

Бөлісу: Telegram WhatsApp