Қазақстанда көрнекі ақпарат пен жарнаманы орналастыру кезінде мемлекеттік тілге басымдық берілуі тиіс. Заңға сәйкес, маңдайша, жарнама және хабарландыру мәтіндері алдымен қазақ тілінде, кейін орыс тілінде жазылады. Сонымен қатар қазақша мәтіннің көлемі орысша нұсқадан кіші болмауы керек. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz агенттігіне сілтеп хабарлады.
Заңгер Ермек Тілеукеевтің айтуынша, кейбір мекемелер қазақша жазуды ұсақ, ал орысша мәтінді үлкен етіп орналастырып жатады. Бұл “Тіл туралы” заң талаптарына қайшы келуі мүмкін. Мемлекеттік тілдегі ақпараттың тең дәрежеде әрі анық берілуі заңмен қорғалған.
Мұндай талаптарды бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 75-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Алғашында ескерту беріледі. Егер заңбұзушылық бір жыл ішінде қайта қайталанса, кәсіпкерлік субъектілеріне 21 625 теңгеден 108 125 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Мамандардың сөзінше, көрнекі ақпаратқа қатысты заң талаптарының орындалуын жергілікті әкімдіктердің тілдерді дамыту басқармалары бақылайды. Азаматтар заңбұзушылықты байқаса, әкімдікке немесе eOtinish платформасы арқылы шағым жолдай алады.