Қазақстанда шекара қызметінде болған жеті қызметтік ит аукцион арқылы сатылымға шығарылды. Қызметін аяқтаған 9–10 жастағы неміс және шығыс-еуропалық овчаркалардың бастапқы бағасы 935 теңгеден басталады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Электронды сауда алаңында жарияланған лоттардың бірі – Павлодар облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметі департаментіне тиесілі 10 жастағы Матео есімді неміс овчаркасы. Оның бастапқы бағасы 935 теңге болып белгіленген. Бұл ит бағаны төмендету тәсілімен өткізілетін аукционға қойылған.
Сондай-ақ Жамбыл облысында қызмет еткен Майк, Майло, Миг, Мэл, Мансур және Маис есімді алты қызметтік ит те сатылымға шығарылды. Неміс және шығыс-еуропалық овчаркалардан тұратын бұл лоттың жалпы бастапқы құны – 11 552 теңге. Аукцион 18 тамызда бағаны көтеру әдісімен өтеді. Иттерді сатылымға Қорғаныс министрлігіне қарасты «Қазспецэкспорт» кәсіпорны шығарған.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, қызметтік иттер мемлекеттік мүлік болғандықтан, оларды кинологтар қызмет аяқталғаннан кейін өз еркімен алып кете алмайды. Сондықтан жануарларды жаңа иелеріне заңды түрде беру үшін аукцион өткізіледі.
Сатылымға қойылған иттердің жасы 9–10-ға жеткендіктен, олар бұдан былай қызметке жарамсыз деп танылған. Егер оларға жаңа иелер табылмаса, жануарларды жою мәселесі қарастырылуы мүмкін.
Мамандардың сөзінше, иттердің бағасының төмен болуы олардың қызмет мерзімін аяқтауына байланысты. Әр жануардың құны арнайы бағалау арқылы анықталады. Негізгі мақсат – қызметін адал атқарған иттерге өмірінің соңына дейін қамқор болатын иелер табу. Көп жағдайда оларды бұрынғы кинологтары немесе ветеринарлары сатып алады.
«Қазспецэкспорт» өкілдері шекарашылардың аукционның қашан өтетінін жиі сұрап, өздері бірге қызмет еткен иттерді қайтадан асырап алуға ниетті екенін айтты. Олардың сөзінше, бұл жануарлар қызметкерлер үшін отбасы мүшесіндей жақын болғандықтан, жаңа иелерінің табылуы – ең тиімді шешім.