2026 жылдың мамыр айы Қазақстанда әдеттегіден жылы болып, бірнеше өңірде ауа температурасының тарихи рекордтары жаңарды. Tengrinews.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарлағандай, кейбір көрсеткіштер ондаған жылдар бойы сақталып келген рекордтарды жаңартқан.
«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, айдың басы мен соңы елдің басым бөлігінде құрғақ әрі қалыпты мөлшерден жылы ауа райымен ерекшеленді. Алайда мамырдың ортасында солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде түнгі уақытта -1...-7 градусқа дейін үсік байқалды.
Астанада мамыр айындағы орташа ауа температурасы 17,1 градус болып, климаттық нормадан 2,6 градусқа жоғары болды. Ең ыстық күн 31 мамырда тіркеліп, ауа температурасы 33,8 градусқа жетті. Ал ең төменгі көрсеткіш 12 мамыр түні 1,3 градус болды. Бір айда елордаға 18 миллиметр жауын-шашын түсіп, бұл айлық нормадан айтарлықтай төмен көрсеткішке айналды.
Мамыр айында Павлодар, Жезқазған, Қызылорда, Тараз, Петропавл және Қарағанды қалаларында да жаңа температуралық рекордтар орнатылды. Әсіресе Петропавлда 31 мамыр күні ауа температурасы 35 градусқа жетіп, 1943 жылдан бері сақталып келген рекорд жаңартылды. Сондай-ақ Қарағандыда 1952 жылғы ең жоғары көрсеткіштен асып түскен жаңа рекорд тіркелді.