Қазақстанда мектеп бітіру кештерін мейрамхана, коттедж, демалыс базасы мен табиғат аясында өткізуге ресми түрде тыйым салынды. Енді түлектерге арналған барлық іс-шаралар тек мектеп аумағында ұйымдастырылады. Сонымен қатар ата-аналардан ақша жинауға, кортеж жалдауға және бейресми кештер өткізуге рұқсат берілмейді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Информбюро порталына сілтеп хабарлады.
Бұл талаптарды Оқу-ағарту министрлігі мен Алматы облысының әкімдігі бірлесіп бекіткен. Құжат облыстағы барлық мектептерге жіберілген.
Алматы облысы білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов мектеп бітіру кештері қауіпсіз әрі қарапайым форматта өтуі қажет екенін айтты. Оның сөзінше, банкет залдары, демалыс орындары, коттедждер мен табиғаттағы жиындарға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ сыйлықтар мен безендіруге ақша жинауға жол берілмейді.
Полиция өкілдері 25 мамыр күні бақылау күшейтілетінін мәлімдеді. Түлектердің кортеж ұйымдастырып, тәртіп бұзуына жол берілмейді. Мамандар ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне мұқият қарауға шақырды.
Бұдан бөлек, жазғы демалыс кезінде облыс бойынша 33 лагерь жұмыс істейді. Лагерьлер санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес тексеруден өткен.
Айта кетейік, мұндай шаралар былтыр Алматы облысында мектеп бітіру кеші кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін күшейтілді. Коттедждегі жиын барысында жанжал шығып, 11-сынып оқушысы қаза тапқан еді.