Қазақстанда зейнетақы аннуитетіне қатысты жаңа өзгерістер енгізілді. Енді аннуитет рәсімдеген азамат қайтыс болған жағдайда, оның шотында қалған қаражатты мұрагерлері толық көлемде бірден ала алады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлады.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған дейін мұрагерлерге аннуитет шотындағы қаражат біржолғы төлем ретінде берілмей, тек ай сайынғы төлемдер түрінде ғана төленетін.
Жаңа түзетулерге сәйкес, мұрагерлер қаражатты бұрынғыдай кезең-кезеңімен алуды жалғастыра алады немесе шотта қалған соманы толық көлемде бірден шешіп алуға мүмкіндік алады.
Депутаттың сөзінше, бұл өзгеріс азаматтардың құқықтарын кеңейтіп, зейнетақы аннуитеті жүйесін икемді әрі қолжетімді етуге бағытталған. Енді қаражатты алу тәсілін таңдау құқығы мұрагерлердің өзіне беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шектерін жариялаған болатын.